Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік мәселелеріне тұрақты түрде мән беріп келеді. Жуырда Парламент мінберінен халыққа арнаған Үндеуінде Елбасы «Мен халқымның өз келешегіне сеніммен қарауы үшін еңбек еттім, қазір де, болашақта да осы мақсат жолында жұмыс істей беремін» – дей келе, Қазақстанның қуатты мемлекетке айналғанын, экономикамыздың ауқымды әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін, халқымыздың әлеуметтік мәселелерін шешу мемлекетіміздің ең басты бағыты екенін атап көрсетіп, енді өзінің талайдан бері көкейінде жүрген әрбір қазақстандық азаматтың әл-ауқатын әрі қарай жақсарта түсуге бағытталған жаңа ауқымды 5 әлеуметтік бастамасын ұсынып отырғанын айтты.
Бұл бастамалардың қайсысын алсаңыз да ең алдымен қарапайым халықтың игілігін арттыруға бағытталған. Қазақта «үйі жоқтың – күйі жоқ» деген сөз бар. Адамның алаңсыз өмір сүріп, еңбек етуі үшін ең қажетті нәрсе ол – баспана. Елімізде тұрғын үй мәселесін шешу үшін «Қолжетімді тұрғын үй-2020», «Нұрлы жер» бағдарламалары іске асырылуда. Тек өткен 2017 жылы елімізде 11 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Алайда, бұл бағдарламаларда қойылған шарттарды төмен табысы бар отбасылардың орындауға мүмкіншіліктері жоқтың қасы. Себебі ипотекалық несиенің пайыздық мөлшері мен тұрғын үй алу үшін төленетін бастапқы жарна мөлшері жоғары. Әрқашан ел қамын ойлайтын Елбасы өзі айтқандай, көптен ойланып-толғанып, әрбір отбасына баспана алудың жаңа жеңілдетілген мүмкіндіктерін беру жолдарын ұсынды. Несие өсімінің мөлшерлемесін 7% немесе қазіргіден 2 есеге төмендетіп, банктерге төленетін бастапқы жарна мөлшерін 1,5-2 есеге арзандатып, оны баспана құнының 20%-на түсіріп, несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін, оның мерзімін 10-15 жыл емес, 2 есеге, яғни 25 жылға ұзартуды ұсынды. Елбасы ұсынған жеңілдетілген бағдарлама бойынша еліміздің әрбір азаматына баспана алу қазіргімен салыстырғанда 2 есеге арзанға түседі.
Екінші ұсынылып отырған бастама – жалақысы төмен азаматтардың 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1%-ға түсіру. Бұл 2 млн-нан астам азаматтың жалақысын, жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ 9%-ға көтеру деген сөз. Салық жүктемесін азайту халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартады, бизнеске жеңілдіктер береді. Ал, Елбасының Үкіметке берген прогрессивтік салық жүйесіне енгізуді зерделеу тапсырмасының арқасында салық саясатындағы әлеуметтік теңсіздікке тосқауыл қойылады, әлеуметтік әділеттілік нығая түседі.
Үшінші бағыт – жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханамен қамтамасыз етілуін жақсарту мақсатында алдағы оқу жылынан бастап қосымша 20 000 грант бөлу немесе грант көлемін 37%-ға өсіру және алдағы 3-4 жылда қосымша 75 000 орындық студенттер жатақханасын салу. Бұл жастарымыздың дамуына қажетті мамандықтарды тегін алуына жол ашады. Ал студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету, әсіресе ауыл жастарының жағдайын жақсарта түседі.
Ал өзін-өзі қамтамасыз етушілер мен жұмыссыздар арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту және жұмыссыздықты азайтып, халықтың әл-ауқатын көтеруге 2018 жылы қосымша 20 млрд теңге бөлініп, шағын несиелердің жалпы сомасы 62 млрд теңгені құрайтын болды. Яғни, шағын несие алушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көбейіп, 14 мың адамға жеткізіледі. Бесінші теңдесі жоқ бастама, ол Қызылордадан Жезқазған, Қарағанды, Теміртау, Астана қалалары бағытына газ құбырын тартып, еліміздің орталық, солтүстік өңірлерін газбен қамтамасыз ету. Теңдесі жоқ дейтінім қазақтың сайын даласымен Бетпақдала мен Сарыарқа арқылы мыңдаған шақырым газ құбырын тарту оңай шаруа емес. Ол тек дамыған, экономикасы мықты, басшысы ел қамын ойлаған елдердің ғана қолынан келеді. Бұл алып, әлеуметтік және экологиялық маңызы ерекше, миллиондаған тұрғындардың тұрмысын жақсартатын бағдарламаны орындауға біржарым жыл мерзім беріліп отыр.
Елбасымыздың халыққа арнаған Үндеуіндегі 5 әлеуметтік бастамасы қаржы көздері жан-жақты зерделеніп, есеп-қисабы мұқият есептелген, мақсат- міндеттері анықталған, орындау мерзімдері көрсетілген нақты әлеуметтік бағдарлама. Негізінен бұл жағдайы төмен азаматтардың, әсіресе жастардың проблемаларын шешуге бағытталған. Бүгінде қарапайым халыққа керегінің өзі де осы. Сондықтан да бұл әлеуметтік бағдарламалардың орындалуына бәріміз бірдей атсалысуымыз керек.
Қуаныш Айтаханов,
экономика ғылымдарының докторы